2016 жылы экономиканың нақты өсімі 2,1 пайызды құрайды - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы экономиканың нақты өсімі 2,1 пайызды құрайды. Бүгін Сенатта «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.

2016 жылы экономиканың нақты өсімі 2,1 пайызды құрайды - Е. Досаев

«Қазақстан экономикасы жылдың басынан бері әлемдік экономика өсуінің бәсеңдеуі, негізгі шикізат тауарларына баға мен сұраныстың төмендеуі жағдайларында дамып келеді. Еуропалық Одақ экономикасындағы дефляция мен стагнация тәуекелдігі, соңғы отыз жылдағы Қытай экономикасының ең төменгі өсу қарқыны мен Ресей экономикасындағы рецессия Қазақстан экономикасындағы іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне әкелді», -дейді Ерболат Досаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2016 жылы экономиканың нақты өсімі 2,1 пайызды, 2017 жылы 3,6 пайызды, 2018 жылы 2,9 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 2,9 пайыз, 2020 жылы 2,9 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

«Өнеркәсіп 2016 жылғы 0,4 пайыздан 2020 жылы 4 пайызға дейін өсетіні болжанады. Бұл 2020 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібінің 6,8 пайызға өсуі есебінен қалыптасады. Осы ретте мұнай өндіру көлемі 2016 жылы - 77,0 млн. тоннаны, 2017 жылы - 79,0 млн. тоннаны, 2018 жылы - 82,0 млн. тоннаны, 2019 жылы - 84,0 млн. тоннаны және 2020 жылы 92,0 млн. тоннаны құрайды», - деді Е. Досаев.