2016 жылы елордада 8 шақырымнан артық жол жөнделеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Астанада ұзындығы 8 шақырымнан артық жолды жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Мердігерлік ұйымдар Тәуелсіздік даңғылында Б.Момышұлы даңғылынан бастап А.Байтұрсынов көшесіне дейін 1,5 км, Орынбор көшесінде Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейін 2 шақырым жолға асфальт төсемек. Сонымен қатар Бөкейхан көшесінде 500 м асфальт төселмек, Бөгенбай батыр даңғылында Сарыарқа даңғылынан Күмісбеков көшесіне дейін 780 м, Бараев көшесінде, «Рамстор» СҮ жанындағы көпірде, Қабанбай батыр даңғылында 1 шақырым жол жөнделеді. Тәшенов көшесінде Тәуелсіздік даңғылынан Таха Хусейн көшесіне дейін 700 м және Петров көшесінде Сәтпаев көшесінен Мұңайтпасов көшесіне дейін 1680 м жол салу көзделген. Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, келер жылы Байтұрсынов және Нәжімеденов көшелерін жаңа теміржол вокзалына дейін салу жұмыстары жалғасады. Жаңа теміржол вокзалына барар жолмен қамтамасыз ету үшін Қордай көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскеде жаңа А82 және А62 көшелерін салу жоспарланған. Еске салайық, 2015 жылғы жағдай бойынша қаланың көлік жүйесі жалпы ұзындығы 964,1 шақырымды құрайтын 953 көшеден тұрады, соның ішінде 705,2 шақырым (73,1 %) жолға асфальт-бетон жабыны төселген, 258,9 шақырым (26,9%) жол қатты жабынсыз, 8 көлік жолайырығы, 17 көлік көпірі, 4 жаяу жүргіншілерге арналған көпір, 9 жол өткелі бар.