2016 жылы қазақ киноэкранында қандай жаңа туындылар көрсетіледі?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ кино-телеэкраны өтіп бара жатқан 2015 жылы тың дүниелермен толғып, өз көрермендеріне көптеген жаңа туындылар тарту етті. Солардың арасынан 2015 жылы бастап түсірілген, тек 2016 жылы көрсетілетін фильмдер туралы тоқталмақпыз.
None
None

Мемлекетіміздің тарихи мәртебесін көтерген, Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойының басты тартуларының бір «Қазақ елі» атты 10 сериялы тарихи көркем фильм 2016 жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылады деп күтілуде. Осы туындының продюсері Арман Әсеновтің айтуынша, тарихи сериалдың бастапқы бюджеті 5,5 млрд. теңге болған. Кейіннен сценарийдегі қысқартулардан соң бюджеті 2 млрд. 167 млн. теңге болып тұрақтанған. Және қосымша қаржы көздерінен де ақша тартылған. Оның сөзіне қарағанда, бұл көпсериялы фильмді бірінші болып көрсетуге «Ресей», «әл-Жазира», «Бірінші арна», «НТВ» телеарналары қызығушылық танытқан көрінеді.

Ал балалар үшін де 2015 жылдың басты жаңалығы Қазақ хандығы туралы «Қазақ елі» анимациялық фильмінің жасалуы болды. Бұл туындының  тұсаукесері 2016 жылдың қаңтар айында «Қазақстан» телеарнасында өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ,  анимациялық фильмді әлемдік прокатқа шығару да жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінен сыр шертетін «Жұлдыздар осылай жанған еді» (Так сложились звезды) деп аталатын көркем фильмнің де монтаждау жұмыстары  2016 жылдың ақпан айында аяқталып, наурыз айында көрермен назарына ұсынылмақ.

 2015 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен «Жамбыл» атты 4 сериялы тарихи драма түсірілген болатын. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жамбыл ақынның өмір жолы мен өнері осы көркем туындыда суреттелген.   Тарихи драма 2016 жылдың ақпан айында, ақынның туған күні қарсаңында «Қазақстан» телеарнасында көрсетілмек. Фильмнің режиссері - Әнуар Райбаев, сценарийін жазған - Бақытжан Шормақов.

 Жаңа жылдың басында телекөрермендер достық, сатқындық және махаббатқа құралған «Шырғалаң» атты детективті драманың да куәгері болады.

 «Шырғалаң» - бүгінгі өмір талаптарына сәйкес, мемлекеттік орган қызметкерлерінің қалыптасуы және кәсіби өсуі туралы сыр шертетін детективті кино жанрында түсірілген Қазақстандық көркем хикая. Әрбір сериясы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді қауіпсіздік пен кедергіге қарамастан адалдықпен орындайтын мемлекеттік орган қызметкерлерінің бейнесін ашады. Хикая кейіпкерлері қылмыс құрылымының шырғалаңдарын шешуге негізделген түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. 

«Шырғалаң» хикаясының алғашқы сериясын 14 қаңтар күні сағат 21:05-те «Қазақстан» телеарнасынан тамашалаңыздар. 

  Сондай-ақ,  2016 жылы композитор Шәмші Қалдаяқов туралы телевизиялық сериал түсіріледі. Бұл туралы «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Үкібай мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар