2016 жылы Қазақстан ішкі нарығын толықтай етпен қамтамасыз етпек

Бұл туралы бүгін Ақмола облысы Астрахан ауданының бірқатар мал шаруашылық нысандарын аралау барысында ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Біз 2016 жылға қарай Қазақстанның ішкі нарығын толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жылына 60 мың тоннаға жуық етті басқа елдерге экспорттай алатындай барлық жағдайды жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Аталмыш мақсатқа жету қиын болғанымен, қолдан келетін іс», - деді министр.
А. Мамытбеков бүгін ауданға қарасты Оксановка ауылындағы «Оксановка-1» ЖШС және Жаңатұрмыс аулындағы «СХП Қызылжар» ЖШС-де болды.
Министрліктің ақпараты бойынша, жалпы «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру шеңберінде 2011 жылы Ақмола облысында 111 фермерлік шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6,5 мың аналық бас сатып алды. Сондай-ақ 10,5 мың орындық 3 бордақылау алаңы салынып, репродукторлар құру мақсатында 6,5 мың ірі қара әкелінді.