2016 жылы Қазақстанда инфляция 8,5 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанда инфляция 8,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚазАқпарат еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

2016 жылы Қазақстанда инфляция 8,5 пайызды құрады

Ведомство мәліметтеріне сәйкес, өткен жыл баға азық-түлік тауарларына 9,7%, азық-түлік емес тауарларға  9,5%, ақылы қызметтерге  6,1%-ға өсті. Ағымдағы жылдың басынан бері (2016 жылғы желтоқсан 2015 жылғы желтоқсанға) бағаның өсуі шайға 38,9%, жармаларға  31,3%, жұмыртқаға  20,3%, нанға  17,2%, қантқа  17%, кондитерлік өнімдерге  16,6%, қайта өңделген және консервіленген көкөністерге  15,8%, картопқа  15,6%, құс етіне  13,8%, салқындатылған сусындарға  13,2%, күнбағыс майына  11,8%, макарон өнімдеріне  11,3%, жеміс және көкөніс шырындарына  10,7%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге  10,6%-ға белгіленді.

Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 17,7%, кеңсе тауарлары мен сызу құралдарына  14,2%, жеке қолданатын тауарларға  13%, жуғыш және тазалағыш құралдарға  12,3%, тоқыма бұйымдарына  11,2%, тұрмыстық аспаптарға  11,1%, шыны және қыштан жасалған өнімдерге  10,2%, автомобильдерге  9,2%, киім және аяқ киімге  9%-ға құрады. Дизель отыны 38,2%, баллондағы сұйытылған газ  16,1%-ға қымбаттады.

Баға деңгейі денсаулық сақтау қызметтеріне 10,1%, жолаушылар көлігінің  7,2%, мейрамханалар мен қонақ үйлердің, сақтандыру, құқықтық қызметтеріне  7%, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы  6,8%, білім беру  6,6%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының  5,2%-ға өсті.

Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер кәрізге 25,2%, суық суға  12,2%, қоқыс шығаруға  11%, орталықтан жылытуға  8%, ыстық суға  7,8%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға  7,5%, электр энергиясына  6,1%-ға артты.