2016 жылы күнтізбеге жаңа мейрам енгізу жоспарда жоқ - ҚР ДӘДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылы күнтізбеге жаңа мереке күнін енгізу жоспарда жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, министрдің блогына «31 желтоқсанды мереке күні ретінде жариялау туралы» ұсыныс түскен. Қазақстан Республикасының 1998 жылы 24 наурызында қабылданған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңының 13 бабы 2 тармағына сәйкес, қандай да бір заң жобасын әзірлеу туралы заңнамалық ұсынысты тек Президент, Үкімет, мемлекеттік органдар ғана емес, жекелеген ұйымдар мен қарапайым азаматтар да білдіре алады екен.
Ал, қазіргі еңбек нарығындағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда 2016 жылы 121 демалыс күн болады.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, еліміздегі ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік және өзге де мейрамдар тойланады. Ал, биыл, яғни 2016 жылы күнтізбеге жаңа мереке енгізу жоспарда жоқ»,-деп атап өткен министрлік өз жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер еңбек заңнамасына сәйкес, демалыс күндері болып саналады.