2016 жылы өтетін РФ Мемлекеттік думасына сайлауға өзін-өзі ұсынушылар да қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей президенті Владимир Путин РФ Федералдық жиналысы Мемлекеттік думасына аралас мажоритарлық-пропорционалдық жүйені енгізу туралы заңға қол қойды. Парламентке келесі жетінші шақыртуда Мемлекеттік думаның 450 депутатының жартысы партиялық тізім бойынша, екінші жартысы бір мандатты округ бойынша сайланады. Бұдан бұрын төменгі палатаға сайлауға тек партиялар ғана жіберілген болатын.
Парламенттік емес партиялар сайлауға қатысуы үшін кемінде 200 мың сайлаушының қолын жинауы тиіс. Бұл ретте алдыңғы сайлауда 3 пайыздан кем емес дауыс жинаған партия және парламентте ең болмағанда РФ бір депутаты бар партия бұл міндеттемеден босатылады.
Өзін-өзі ұсынушы кандидаттар сайлауға қатысу үшін округ сайлаушыларының 3 пайызының, яғни ең аз дегенде 3000 қол жинауы қажет. Бұдан басқа, парламентке келесі шақыртуда қазіргі уақыттағы 7 пайыздықтың орнына 15 пайыздық тосқауылды еңсерген партиялар өтеді. Бұрынғыша, сайлау блоктарын қалыптастыру көзделмеген.
2006 жылға дейін қолданыста болған аралас мажоритарлық-пропорционалдық жүйеге қайта оралу туралы бастаманы РФ президенті көтерді. Заң жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.