2016 жылы парламент пен президенттік сайлаудың қатар өтуін болдырмаудың жолы - кезектен тыс Президент сайлауы - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы парламент пен президенттік сайлауды қатар өткізуді болдырмаудың жолы - кезектен тыс Президент сайлауы. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын талқылау барысында депутаттар осындай мәселені алға тартты.
Атап айтқанда, депутат Жұматай Әлиев президенттік сайлау өткізу арқылы экономиканың өсімін нығайту, жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды екенін айтты. «Бұл бастамаға шын мәнінде балама жоқ. Сонымен бірге, келесі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлауларды өткізу мерзімдері бір мезгілге тура келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында бұл екі сайлауды да әр түрлі уақытта өткізген жөн», - дейді Ж. Әлиев.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаттары атынан Үндеуді жариялаған спикер Қабиболла Жақыпов таяу уақытта бүкіл қоғамның күш-жігері әлемдік дағдарыстың қауіп-қатерлерін Отанымызды дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларына айналдыру ісіне бағытталуы тиіс екенін алға тартады.
«Парламент Мәжілісінің депутаттары осы сайлау Қазақстанның мемлекеттігін одан әрі нығайта түсу жолындағы аса маңызды стратегиялық кезең болатынына сенімді. Бұған қоса, ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу оның уақыты жөнінен кезекті парламент сайлауымен тұспа-тұс келуін болдырмауға мүмкіндік береді. Сол арқылы сайлау науқандарының сапасы мен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етіледі», - деді Қ. Жақыпов.