2016 жылы сараптама қызметінің 50% жеке нарыққа өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта сараптама қызметін көрсететін 19 жеке ұйым аккредиттеуден өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті.
«Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мақсатында технологиялық күрделі ғимараттар мен құрылыстардан өзге барлық мемлекеттік сараптама қызметі жеке нарыққа беріледі. 2016 жылға дейін жеке секторда тек 20% сараптама кірген болатын. Айта кету керек, 2016 жылы сараптама қызметінің 30 пайызы жеке нарыққа өтіп, оның жалпы көлемі 50%-ға жетті», - деді М.Жайымбетов.
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының 5 институционалды реформаларын жүзеге асырудың «100 нақты қадамының» 47 қадамы бойынша, 2020 жылға дейін сараптама қызметінің 90 пайызын жеке нарыққа беру жоспарлануда. ҚР Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы жеке нарыққа сараптаманың 70 пайызы өтеді.
Мемлекеттік сараптаманың еншісінде теxнологиялық күрделі 10% сараптама қалатын болады.
«Қазіргі уақытта сараптама қызметін көрсететін 19 жеке ұйым аккредиттеуден өтті», - деді М.Жайымбетов.