2016 жылы шекарашылар 12 тонна есірткі тәркілеген
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы шекара аймағында 29 мың құқық бұзушы анықталған, бұл 2015 жылғы нәтижелерден 20 пайызға көбірек. 283 дана қару-жарақ, 1 870 дана оқ және 12 тонна есірткі заттары айналымнан шығарылды, оның 52 келіге жуығы героин, 37 келіден астамы гашиш, 370 келісімарихуана және 11 тоннадан астамы жаңа орылған қарасора. Бұл туралы Шекаралық мекеме басшысы, генерал-майор Дархан Ділманов төрағалық еткен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Әскери кеңес отырысы барысында белгілі болды.
Өткен жылы Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары жалғасты. Қазақстан-Ресей шекарасы аумағында 589 шекаралық белгі орнатылған, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Рұқсат етілмеген валютаны алып өтпек болған 48 адамның жолы кесілді. 3 180-нен астам діни әдебиет табылды. Аумақтық және ішкі сулардан 56 браконьерлік жүзу құралдары мен 520 шақырымға жуық заңсыз аулау құралдары тәркіленді.
Арнайы және құқық қорғау органдарының күш салуымен өткізу бекеттерінде 44 700 жедел операциялар орындалып, өзге құжатпен өткісі келген 100-ден астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді, 1 600-ден астам жалған құжат анықталды. 25 000 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Әскери кеңесінде ең үздік шекарашылар марапатталды. ҚР ҰҚК ШҚ Академиясының магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бөлімінің басшысы, жедел-тактикалық факультет басқармасы басшысының орынбасары, подполковник Андрей Авдеев жыл шекарашысы атанды.