2016 жылы шілде айында инфляция 0,5 пайызды құрады - Д. Ақышев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты басталды. Онда бас банкир қазіргі таңда қаржы нарығындағы қалыптасқан ахуалға баға бере келіп, алдымен еліміздегі инфляция көлемін мәлім етті.
«2016 жылғы шілде айында инфляция - 0,5 пайызды құрады. Өткен жылы осы кезеңде инфляция деңгейі - 0,1 пайызды құраған болатын. Ал 2016 жылы қаңтар-шілде айында инфляция деңгейі - 5,2 пайыз болды. Жылдың басынан бастап, азық-түлік тауарларының бағасы - 5,6 пайызға, азық-түлік тауарларына жатпайтын тауарлар - 5,2 пайызға, ақылы қызмет көрсету - 4,7 пайызға өсті», - деді Д. Ақышев.
Айта кетелік, өткен шілде айында да 0,5 пайызды құраған болатын. Сонымен қатар, шілде айында азық-түлік тауарлары нарығында әсіресе қырыққабат пен қанттың бағасы өсті. Қырыққабаттың бағасы - 31,4 пайызға, ал қанттың бағасы - 11,3 пайызға қымбаттады.
Жылдық көрсеткіш бойынша 2016 жылдың шілде айында инфляция - 17,7 пайызды құрады. 2015 жылдың желтоқсан айында бұл көрсеткіш - 13,6 пайызды құраған болатын.