2016 жылы су инфрақұрылымына 62,1 млрд. теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл су инфрақұрылымын дамытуға «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы 75 жобаны іске асыру үшін 62,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
None
None

Оның атап өткеніндей, «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылған 2011-2015 жылдар аралығында орталық су жүйесімен қамту қалаларда 5 %-ға (82%-дан 87%-ға дейін), ауылдарда 9%-ға (42,5%-дан 51,5%-ға дейін) өсті. Орталық су бұру жүйесі қалаларда 8%-ға(73%-дан 82%-ға дейін), ауылдарда 2,2%-ға (8,8%-дан 11%-ға дейін) ұлғайды. Су құбырларының тозуы 6,1%-ға (67,9%-дан 61,8%-ға дейін),су бұру желілері 5,9%-ға (66,1-дан 60,2%-ға дейін) төмендеген.

«Осы мақсатта республикалық бюджеттен 396,8 млрд. теңге бөлінді. Қала мен ауылдарда сумен қамту және су бұру саласында 1493 жоба іске асырылған. Биыл «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы 75 жобаны іске асыру үшін 62,1 млрд. теңге бөлінді, 2017 жылға 157 жобаны іске асыру үшін 53,0 млрд. теңге көзделіп отыр», - деді Қ. Бишімбаев.

Министр Үкімет отырысында өңірлерде жалпы ауылдық елді мекендерді дамыту жобаларын мемлекеттен қаржыландыруды, ал қалалық елді мекендерді бюджеттен тыс көздерден қаржыландыруды ұсынды.

Халықаралық қаржы ұйымдары (ХҚҰ) мен өзге де қаржы көздерін тарту тетіктері енгізілді. Ол сумен қамту жүйесін дамыту үшін бюджеттен тыс қаржы табуға ынталандырады. Бүгінгі таңда халықаралық қаржы ұйымдарынан 17,9 млрд. теңге қаржы тартылды.

«Коммуналдық және жекеменшік су арналарының тәжірибесі Халықаралық қаржы ұйымдарынан (Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің (ЕҚҚДБ) қарыз тарту және Ұлттық қордан қоса қаржыландыру арқылы іске асатын жобалар қалада мемлекеттік бюджеттен тыс жүзеге асатынын көрсетті. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. Бүгінгі таңда Еуропа Қайта құру және Даму Банкі алдын ала келісімдерге қол қойған және 4 су арнасын қаржыландыру жобаларын дайындап жатыр («Қостанай Су» (4,2 млрд. теңге), «Көкшетау су арнасы» (3,3 млрд. теңге), «Семейсуарнасы» (2,3 млрд. теңге), «Өскемен су арнасы»( 4,1 млрд. теңге)», - деді ол.

Сондай-ақ, қаладағы су арналарын бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін құру үшін қазақстандық даму институттарының («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ) мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар