2016 жылы Универсиада жалауын Оңтүстік Американың ең биік шыңына тіккім келеді - М. Жұмаев

«Универсиада туын әлемнің барлық жеті құрлығындағы ең биік шыңдардың басына тігу туралы менің жеке бағдарламам бар. Күні бүгінге дейін Еуропаның ең биік шыңы - Эльбрусқа («Рух әміршісі», 5642 метр), Солтүстік Американың ең биік шыңы - Деналиге («Ұлы тау», 6190 метр), Гималайдағы Джомолунгмаға («Жел әміршісі», 8848 метр), Африкадағы Климанджароға («Жарқын тау», 5895 метр) Универсиада туын тіктім. Енді 2016 жылы Оңтүстік Американың ең биік шыңы - Аконкагуаға («Тас күзетші», 6962 метр) тігу жоспарымда бар. Мұны әрине, осы қаңтар немесе ақпан айларында жасау керек. Бірақ, әзірге демеуші тапқаным жоқ. Бір шыңды бағындыруға кем дегенде 3 миллион теңгедей қаражат керек. Жалпы, қалған екі шың - Индонезиядағы Пунчак Джая («Жеңіс шыңы», 5030 метр) және Антарктидадағы Винсонды («америкалық саясаткер Карл Винсонның құрметіне аталған», 4892 метр) бір жылдың ішінде бағындыруға болар еді. Демеуші табылса, болғаны. Соңғы екі шыңды Универсиадаға дейін үлгере алмасам, ең болмаса «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін қалайда бағындырып, Универсиада жалауын орнатуға күш саламын», - деді М. Жұмаев.
Айта кетелік, 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында 28-ші қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. Оған әлемнің 55 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Универсиада барысында 3000 ерікті жұмылдырылады және Универсиадаға шет елдерден қонақ және турист ретінде 30 мың адам келеді деп жоспарланған. Ал телеаудитория 1 млрд. көрерменді қамтитын болады. Жарыстар туралы телехабар әлемнің 80 еліне таратылады. Универсиаданың бюджеті екі есеге дейін оңтайландырылды және ол 17 млрд. теңгені құрайды.