2016 жылы ЖІӨ көлемі 0,3 пайызды құрады - Бишімбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың сегіз айында Қазақстанда ЖІӨ өсімі 0,3%-ды құрады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
" Мұнай бағасының күрт төмендеуі аясында 2015 жылдың тамызында теңге бағамына жүргізілген түзетулерден кейін, біз 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан бергі ең ауыр кезеңдерді еңсердік. Экономиканың өсу қарқыны тұрақсыз болды. 2016 жылдың алғашқы 5 айында экономикалық өсімнің төмендеуінен кейін, маусым айынан бастап, экономиканың оң өсімі тіркелді. Ағымдағы жылғы 8 айдың нәтижесі бойынша ЖІӨ өсімі 0,3%-ды құрады", - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, өсімге Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шаралары, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қолға алынған іс-шаралар ықпалын тигізді. Сонымен қатар ұлттық экономиканың макроэкономикалық жағдайларға бейімделуі байқалады.
Қ. Бишімбаевтың атап көрсеткеніндей, өсім қарқынының баяулығына қарамастан, Қазақстандағы аxуал серіктес-мемлекеттерге қарағанда жақсырақ.