2017 жылдан бастап реттелетін нарықтағы бағаны реттеу жойылады - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде реттелетін нарықтағы бағаны реттеу жойылады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстарған Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов мәлім етті.

2017 жылдан бастап реттелетін нарықтағы бағаны реттеу жойылады  - ҰЭМ

«Монополияға қарсы заңнаманы жетілдірудің бірінші кезеңінде еліміздің ұлттық заңнамасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына және үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкестендірілді. Былтыр Кәсіпкерлік кодексі қабылданып, «Бәсекелестік туралы» заңның нормалары соған шоғырландырылды, басқа да заңнамалық өзгерістер жасалды. Осының арқасында бірқатар нақты шаралар жүзеге асып жатыр. Бірінші мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеу тетіктері енгізілді. 2016 жылдан бастап осы бағыттағы заңды тұлғалар қызметінің түрлері 47 пайызға қысқарады. Сонымен қатар, 2017 жылдың қаңтарынан бастап реттелетін нарықтар мен доминанттар реестрінде бағалық реттеулер жойылатын болады. Бұнымен қоса, алғаш рет заңнама деңгейінде «баға мәмілелері» аталатын «картель» ұғымы енгізіліп отыр», - деді вице-министр.

Оның айтуына қарағанда, заңнамалық жетілдіру аясында бәсекелестікті қорғау саласында заңның бұзылуына жол бермеу туралы алдын алу институты енгізіліп, монополияға қарсы орган жанынан бәсекелестік саласындағы материалдарды қарау бойынша келісім комиссиясы құрылды. «Бұдан бөлек, монополияға қарсы күрес органдары үшін мемлекеттік органдардың атына бәсекелестікті дамыту мен қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерін жетілдірудің қажеттілігі туралы ұйғарым енгізу бойынша құқық беріліп отыр», - дейді А. Әріпханов.