2017 жылға дейін Алматыда тағы да 4 метростанса салынады - Н. Сембиев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2017 жылға дейін Алматыда тағы да 4 метростанса салынады. Бұл туралы бүгін Алматыда жаңадан салынып жатқан «Сайран» және «Мәскеу» метростансаларының жұмысымен таныстыру барысында журналистерге берген сұхбатында «Алматыметроқұрылыс» АҚ бас директоры Нұрлан Сембиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа стансалар «Мәскеу» метростансасынан батысқа қарай Абай даңғылының бойымен салынады. «Бірінші станса «Сарыарқа» деп аталады. Кейін «Достық» стансасының құрылысы қолға алынады. Содан Яссауи көшесінің тұсынан «Яссауи» стансасы бой көтереді. Әрі қарай солтүстікке қарай, Қалқаман кентінің астынан «Қалқаман» стансасы құрылады. Соңғы станса Райымбек даңғылы мен Яссауи көшелерінің қиылысқан жерінде салынады. Бұл жерде болашақта үлкен автобекет бой көтереді», - деді Нұрлан Сембиев.
Сонымен қатар, «Алматыметроқұрылыс» АҚ бас директоры қазір салынып жатқан метростансалардың бұрынғы стансаларға қарағанды анаұрлым арзанға түсіп жатқандығын жеткізді.
«Бұл стансалар бұрынғы стансаларға қарағанда едәуір арзан. Өйткені арзан материалдар қолданылып жатыр. Бірақ, ол - сапасы нашар деген сөз емес. Сапасы өте жоғары. Мысалы, құдай басқа салмасын, бірақ егер алда-жалда күшті жер сілкінісі бола қалса, ең қауіпсіз орын осы метро болады. Өйткені, метроқұрылысында қауіпсіздікке аса көп көңіл бөлінеді. Мұнда 16 түрлі қауіпсіздік жүйесі қолданылады», - деді Н. Сембиев.
Айта кетелік, қазіргі таңда құрылысы салынып бітуге тақаған «Сайран» және Мәскеу метростансаларының барлық жұмысына тек қазақстандық мамандар тартылған. Стансалар қос қабаттан тұрады. Біріншісі платформалық қабат және екінші қабаты - фойе. Яғни, мамандардың пікірінше, бұл жолаушылар үшін аса ыңғайлы стансалар.
Тағы бір айта кететін жәйт, метро желісі Қалқаман кенті арқылы Райымбек даңғылына дейін тартылған соң, қала орталығынан Алматы-1 теміржол стансасына қарай жаңа желі тартылады.
Қазіргі таңда Алматы мерополитенінде 995 адам жұмыс істеуде. «Сайран» мен «Мәскеу» стансалары іске қосылған соң, тағы да 300 адамға жұмыс орны ашылады.