2017 жылға қарай ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ЖІӨ-дегі үлесі 3,8 пайызға жетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжiлiсте «Ақпараттандыру туралы» жаңа редакциядағы заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Инвестициялар және даму вице-министрi Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты «электронды үкiмет» құрылымының құқықтық базасын қалыптастыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығын дамытуды мемлекеттiк қолдау, мемлекеттiк органдар қызметiнiң бизнес пен халық үшiн қолжетiмдiлiгi мен ашықтығын, ақпараттық қоғамға өту шарттарын жасау болып табылады. Сонымен қатар, құжат «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттiк бағдарламасында көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткiзуді көздейді.
«Атап айтқанда, 2017 жылы елімізде ақпараттық коммуникациялық технологиялар секторының ЖIӨ-дегi үлесi 3,8 пайызға жетеді. 2017 жылы меншiктi лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуге, меншiктi ақпараттық жүйелердi сатып алуға мемлекеттiк органдардың шығыны 40 пайызға қысқарады», - дедi вице-министр.
Бұл ретте А. Жұмағалиев замана ағымына сай ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететінін, ал қолданыстағы заң өзінің міндетін атқарып шыққанын атап өтті. «Жаңа редакциядағы заң Қазақстанда әлемдік оң үдерістер тәжірибесін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады», - деді ол.