2017 жылға қарай Астана әуежайы 5 млн-ға дейін жолаушылар қабылдайды
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - 2017 жылға қарай Астана әуежайына қонатын және ұшатын рейстер санын 20 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осының арқасында жолаушылар саны 5 миллионға дейін көбейеді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінен хабарланды.
Ал әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, тек 2012 жылы жолаушылар тасымалы 2011 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артып, 2 303 143 адамға жеткен. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана әуежайында 17 498 рейске қызмет көрсетілген. 2011 жылы Астананың халықаралық әуежайынан ұшқан және қонған рейстер саны 15 325, ал жолаушыларды тексеріп өткізу пунктінен сағатына 750 адамға дейін өткен.
Сонымен қатар, Астананың географиялық ұшу аймағын кеңейту мақсатында, Көлік және коммуникация министрлігі мен «Астана халықаралық әуежайы» АҚ шетелдік әуе компанияларымен жаңа халықаралық байланыстар орнату жөніндегі жұмыстарды жүргізіп келеді. Естеріңізде болса, «Air Astana» әуе компаниясы алғаш рет 2012 жылы Баку, Ташкент, Бейжің, Санкт-Петербор қалаларына рейс ашқан болатын. 2012 жылдың 27 тамызынан бастап «China Southern» әуе компаниясы Астана мен Үрімші арасындағы рейсті жаңартты.