2017 жылға қарай еліміздегі пошта бөлімшелерінің барлығы автоматтандырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылға қарай еліміздегі пошта бөлімшелерінің барлығы автоматтандырылады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Пошта туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық поштасында шамамен 22 907 қызметкер жұмыс істейді. Ал республика бойынша 3300-ден астам пошта байланысының бөлімшелері бар. «Олардың 30 пайызы - қалалық және 70 пайызы - ауылдық жерлерде орналасқан. Ағымдағы жылы пошта байланысы бөлімшелерінің 67 пайызы автоматтандырылды. 2017 жылға қарай барлық бөлімшелерді автоматтандуру жоспарлануда», - дейді С.Сәрсенов. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның аумағында пошта байланысы қызметтерін шетелдік операторлар да көрсетіп келеді. Соның ішінде пошта қызметін лицензиялауды алып тастағаннан кейін 2014 жылғы жағдай бойынша Қазақстан нарығында 114 пошта операторы жұмыс істейді. «Қазіргі мәліметтер бойынша біздің ауылдық елді мекендерде «Қазпошта» АҚ-ында 7 600 пошташы жұмыс істейді және олардың орташа жалақысы 10 000-15 000 теңге шамасында. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ-ның ауылда орналасқан 2 466 бөлімше болса, соның 72 пайызы жалданбалы бөлімшелер, ал 10 пайызы нашар жағдайда болып отыр. Олардың 50 пайыздан астамы пошталық-қаржылық қызметтерді көрсету талаптарына еш сәйкес келмейді», - дейді С.Сәрсенов.