2017 жылға қарай жазасын өтеушілердің 75 пайыздан астамы жұмыспен қамтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылға қарай жазасын өтеушілердің 75 пайыздан астамы жұмыспен қамтылады. Бүгін Астанада өтіп жатқан «түрме реформасына» арналған ІIІ форум барысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев осылай мәлім етті.
Сөз арасында Бас прокурор соттталғандардық санын азайту туралы еліміздің міндеттемелері сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, ІІМ жүргізген үйлесімді жұмыстың, Жоғарғы Сот пен Парламент депутаттары көрсеткен қолдаудың арқасында соңғы үш жыл ішінде сотталғандардың саны 25 пайызға кеміп, әрбір төртінші адам бостандыққа шыққан. Осылайша, Қазақстанның тарихында тұңғыш рет түрме халқы 40 мың адамға дейін азайғанын айтқан А.Дауылбаев, мұндай нәтижеге рақымшылық қолдану арқылы емес, жүйелі және жан-жақты ойластырылған қайта құрулардың арқасында қол жеткенін ерекше атап өтті. «Ендігі күні сотталғандарды еңбекке тарту ісі қайта әлеуметтендіруді тиімді түрде жүргізуге ықпал етеді. Бүгіннің өзінде біздер еңбекпен қамтылғандар санының 54 пайызға дейін артқанын көріп отырмыз (23,4 мың адамның 12,6 мыңы еңбекпен қамтылған). Осы мақсаттарда колонияларға жеке кәсіпкерлік субъектілері тартылды, олар өз кезегінде жазасын өтеп жатқан 1800 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде мекемелерге өндірістік қызметпен айналысу құқығын беру мәселесі Парламентте белсенді түрде талқылануда. Біздер 2017 жылға қарай жазасын өтеушілердің 75 пайыздан астамын жұмыспен қамтуды мақсат етіп қойып отырмыз», - деді А.Дауылбаев.