2017 жылы 107,9 млрд теңгеге 190 нысан сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекешелендірудің кешенді жоспары 902 нысанды қамтиды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2017 жылы 107,9 млрд теңгеге 190 нысан сатылды

Оның айтуынша, 2017 жылы Жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйыммен толықтырылды. Президенттің тапсырмалары мен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алып тасталды.

«Қазіргі уақытта Жекешелендірудің кешенді жоспары 902 нысанды қамтиды. 2017 жылғы өсім 122 компанияны немесе 15,6 пайызды құрады. Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 нысан сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 нысан 164,7 млрд теңгеге сатылды. Бұдан басқа 255 нысан қайта ұйымдастыру және таратылу сатысында. Тұтастай алғанда қайта ұйымдастырылған және таратылған нысандарды ескергенде Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 70 пайыздан астам болып отыр», - деді министр.

Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, 2017 жылы 461 нысанды сату жоспарланған. Жоспар 97 пайызға орындалды. 289 нысан сатуға қойылып, оның ішінде 107,9 млрд теңгеге 190-ы сатылды.

«Жүргізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша 2017 жылы 10 нысан әлі сатылған жоқ, олар 2018 жылдың соңына дейін сатылады. 162 нысан қайта ұйымдастырылды және таратуға жатады. 190 нысанның 77-сі аукцион арқылы өткізілген. Оның ішінде бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Тендер өткізу арқылы 107, тiкелей атаулы сату арқылы 3 және екі кезеңдік рәсімдер конкурсы арқылы 3 нысан сатылды», - деді ол.


Фото: localwork.com