11:00, 04 Желтоқсан 2012 | GMT +5
2017 жылы Алматыда өтетін универсиадаға 3 мыңға жуық еріктілер тартылмақ - Білім және ғылым министрі
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2017 жылы Алматыда өтетін универсиадаға 3 мыңға жуық еріктілерді тарту жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2017 жылғы 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық бойынша баяндама жасау кезінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Осыған байланысты 2013 жылы жазда шет тілін білетін үздік студенттерден құралған еріктілерді жазғы Бүкіләлемдік универсиада өтетін Қазан қаласына тәжірибе алуға жіберуді орынды деп есептеймін»,-деді министр.
Бұдан бөлек Б. Жұмағұлов аталған студенттерді алдағы жылы Италиядағы Трентино қаласына қысқы универсиадаға жіберу керектігін де атап өтті. «Олар алған тәжірибелерін таратып, басқа студенттерді оқытатын болады. Бұл дайындықта министрліктің бастамасымен құрылған Ұлттық еріктілер желісі маңызды орын алады»,-деп түйді Б. Жұмағұлов.