2017 жылы авиатасымалдау тарифін реттеу Азаматтық авиация комитетіне беріледі - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы авиатасымалдау тарифін реттеу Азаматтық авиация комитетіне беріледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

2017 жылы авиатасымалдау тарифін реттеу Азаматтық авиация комитетіне беріледі - Ә. Исекешев

Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды көздейді.

Зң жобасы бойынша әуе кеңістігін пайдалану саласында мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау тетігін жасау көзделеді. Соның ішінде халықаралық әуежайларға бірыңғай талаптар енгізіледі, бұл жүктерді авиациялық тасымалдау барысында жүктерді өткізу уақытын 10 күннен 4 сағатқа дейін азайтады.

«Бұдан бөлек, Ұлт жоспарының 68-қадамына сәйкес, 2017 жылы авиатасымалдау тарифтерін реттеу уәкілетті органға - Азаматтық авиация комитетіне берілетін болады. Авиация саласының мемлекеттік реттеу мәселесі де жетілдіріледі. Бұл ретте Ұлыбританияның авиациялық қызмет үлгісі пайдаланылмақшы. Ондай озық үлгі ұшулардың сапасын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұшқыштар даярлау бойынша аса маңызды бағыт болып табылады», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан осы мақсаттарды еңсеру үшін Британия азаматтық авиациясымен тығыз ынтымақтастықты жандандыра түседі. Қазіргі таңда жетекші авиация әкімшілерімен келіссөздер басталған. «Бұның нәтижесінде 2020 жылдарға қарай қазақстандық авиация қызметінің ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 64 пайыздан 80 пайызға дейін жоғарылайды. Осының арқасында Қазақстанның көліктік жүйесі әлемдік жүйеге тиімді интеграцияланады», - деді министр.