2017 жылы Декларациялау жүйесіне халықтың неғұрлым дайын бөлігі тартылады - Қаржы министрі

Министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасаған болатын.
«Жалпыға бірдей декларациялауға көшу соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып келеді. Көптеген дамыған елдер жеке тұлғаларды дербес декларациялау жүйесін салықтардың толық төленуін қамтамасыз ету және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға арналған тиімді құрал ретінде бағалайды.Сондықтан да бүгінгі заң жобасы Елбасының осы бағыттағы тапсырмасын жүзеге асыру үшін және Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін заңнама негізін құрайды», - деді Қаржы министрі. Оның айтуына қарағанда, заң жобасының негізгі бөлігі жеке тұлғалардың декларация толтыру және оны тапсыру рәсімдерін регламенттеуге арналған. Атап айтқанда, декларация тапсыруға міндетті болатын тұлғалар дәл анықталады. Сонымен қатар, декларациялардың нысандары, оларды толтыру қағидалары мен табыс ету мерзімдері айқындалады.
«Бұл ретте азаматтардың Декларациялау жүйесіне «кіруі» кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы ұсынылады. Мәселен, 2017 жылы Декларациялау жүйесіне халықтың неғұрлым дайындалған бөлігін тарту болжанады. Бұл депутаттар, судьялар, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ олардың жұбайлары. Сонымен қатар, бірінші кезеңде, ілкі жоба ретінде ұлттық компаниялардың әкімшілік персоналын және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерін декларациялау жүйесіне кіргізу ұсынылады. Ал жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі 2020 жылға қарай жоспарланып, оған халықтың қалған бөлігін тарту көзделген», - деді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, Декларациялау жүйесінің өзі екі түрлі декларация ұсынуды көздейді. Оның біріншісі - бір рет қана тапсырылатын «кіріс» декларациясы әрі бұл «активтер және міндеттемелер туралы декларация» деп аталады. Онда жеке тұлғалар кірген жылының басында елімізде және шетелдегі жинақталған қаражаты және мүлкі туралы мәліметтерін көрсетеді, сондай-ақ өзінің басқа адамдарға қарыздарын және егер бар болса, керісінше, басқа адамдардың өзіне қарыздарын көрсетеді.
«Екінші құжат «жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация» деп аталады және ол жыл сайын тапсырылады. Онда бір жыл ішінде алған табысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті, сатып алынған және сатқан мүлкі туралы мәлімет көрсетіледі. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама субъектілері болып табылатын мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, соттар және басқа адамдар кезекті декларацияда жоғарыда көрсетілген мүліктерді сатып алған шығыстарының көздерін көрсетуге тиіс болады», - деді министр Б. Сұлтанов.