2017 жылы Қазақстанда ашылатын жолдар
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 2017 жылы пайдалануға берілетін жолдарды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы 361 шақырым автожолды тапсыру жоспарда бар, яғни «Астана-Теміртау» (100 шақырым), «Астана-Павлодар-Семей» (184), «Орал-Каменка» (27), «Ақтөбе-Атырау» (26), «Қапшағай-Талдықорған» (24) жолдары қамтылып отыр. Атап айтқанда, «Астана-Теміртау» жолы учаскесінде жұмыстарды толықтай аяқтау және «Қапшағай-Талдықорғанды» пайдалануға беру, сондай-ақ «Теміртау-Қарағанды» учаскесі бойынша қозғалысты ашу қамтылған»,-деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев Парламент Мәжілісінде мемлекет қаржысын мақсатты пайдалануды бақылау бойынша «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы құрылыс маусымының соңында конкурс өткізіліп, Қарағанды мен Теміртау аралығында цементтік-бетонды жол жабындысы мен жол айырықтарын салу бойынша үш мердігер анықталды. «Ол учаскеге жол құрылысында айтарлықтай тәжірибелі ұйымдар кірді, осы орайда олар жыл ішінде көзделген барлық жұмыстарды орындауға қауқарлы деп санаймыз»,-деді ол.
Сонымен қатар 2017 жылы 1 346 шақырымды құрайтын жаңа 27 учаске бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр.