2017 жылы Қазақстанда жетім балалардың бірыңғай базасы пайда болады - Ж.Омарбекова
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Қазақстанда жетім балалар туралы деректер жинақталатын бірыңғай база пайда болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Президент жанындағы Отбасы жəне əйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Бауыржан» қоғамдық қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекова мəлім етті.
«2017 жылдан бастап, Қазақстанда жетім балалардың бірыңғай базасы пайда болады. Биыл бұл база Астана бойынша ілкі жоба ретінде жұмысын бастады»,-деп хабарлады Ж.Омарбекова. Оның айтуынша, бұл шара - Қазақстанда бала асырап алу процесін жеңілдетуге бағытталған əрекеттердің бірі. Бірақ, өз ойын жеткізген Жұлдыз Омарбекова: «бір құжат беріп, əкете салатындай, бала ойыншық емес», - дейді. «Бұрын қазақстандықтар жетімдер үйінен бала алуға қорқатын. Қазір бұл қорқыныш сейілді. Рас, бала асырап алу үшін əлі де біраз құжат жинау керек. Бірақ, бала бір бет қағазбен алып кететін ойыншық емес қой. Сондықтан, ең бастысы, сіз бала асырап алуға моральді түрде дайын болсаңыз, құжат жинау қиын шешілмейтін мəселе емес. Əрине, бұл менің жеке пікірім, бірақ ана тоғыз ай құрсағында көтерген баласының дүниеге келуін қалай күтсе, жетімдер үйінен əкететін баласын да күте білуі керек»,-дейді қор басшысы. Қор басшысы мемлекет тарапынан осындай бірыңғай база құру арқылы, өзге де шаралар арқылы бала асырап алу процесін жеңілдетуге күш жұмсалып жатқанын жеткізді. «Бір сөзбен айтсам, бала асырап алу процесі бұрынғыдан қарағанда ашық жүретін процеске айналды»,-дейді ол.