2017 жылы мемлекет қазынасына түсетін кіріс көлемі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 11 айында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекет қазынасына түсімдер бойынша жоспарды асыра орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өткен жылмен салыстырғанда бюджет кірістері 8,4%-ға немесе 466 млрд теңгеге артқан.

«Жыл басынан бері Мемлекеттік кірістер комитеті бюджетке 6 трлн 31 млрд теңге түсірді, бұл болжамдық жоспардың 101%-ын құрайды. 2016 жылмен салыстырғанда, кірістердің өсімі 8,4%-ды немесе 466 млрд теңгені құрады», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, комитет басшысы салықтық және кедендік тексерулердің екі есеге азайғанын еске салды.

«Біз қауіп-қатерлерді басқару жүйесін жетілдіру мен ақпараттық жүйелерімізден алынған деректерді қолдану арқылы бизнес субъектілерін қашықтықтан бақылауға баса мән беріп отырмыз. Нәтижесінде тексерулер санын едәуір азайта алдық - өткен жылдың 11 айында 72 мың тексеру жүргізсек, биыл бұл көрсеткіш 37 мыңды құрады», - деп өз сөзін толықтырды Теңгебаев.

Сонымен бірге, МКК басшысының хабарлауынша, салықтық тексерулер нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік бюджетке 87,6 млрд теңге өндіріліп алынған. Өткен жылмен салыстырғанда, түсім көлемі 35 пайызға артқан.

Соңғы жаңалықтар