2017 жылы Павлодар облысында «ҮИИД» бағдарламасы аясында 15 жоба жүзеге асырылады
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейтмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Биылғы жылы қыркүйек айында бастау алған «Gіessenhaus» жобасына 4,5 млрд теңге тартылған», - деді ол. - Жоспар бойынша алюминий құйындысын шығаратын кәсіпорынды келесі жылы мамыр айында іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ, 25 млрд теңге салынған «Тemir logistik» ЖШС, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту, «Проммашкомплект» ЖШС-нің теміржол дөңгелектері өндірісінің кешені, «Дәнекер» ШҚ» ЖШС-нің 600 гектар аумақта суғару жүйесі, «Ромат» ЖШС-нің павлодарлық фармацевтикалық зауытының құрылысы, Екібастұз ет өңдеу зауыты және тағы басқа жобалар бар».
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 2015-2019 жылдары жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 37 жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 8,5 мың жұмыс орны ашылады. Бес жоба Индустрияландыру картасы аясында, 32-сі кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша орындалады. Өткен жылы облыста бес кәсіпорын іске қосылған. Оның ішіндегі аса ауқымдысы - Бозшакөл кен-байыту комбинаты мен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы күйдірілген мұнай коксын өндіру мұнай-химиялық кәсіпорны. Биылғы жылы өңір экономикасына серпін берген алты жобаның ішінде Екібастұз қаласындағы теміржол осьтері мен дөңгелек жұптарын өндіретін «R.W.S Wheelset» ЖШС, «Павлодар» арнайы экономикалық аумағындағы «Агрохимпрогресс» ЖШС бар.