2017 жылы республикалық бюджет шығыстары 8,5 трлн. теңгені құрайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы республикалық бюджет шығыстары 8 563,1 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті. Мәжілісмендер «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылы республикалық бюджет шығыстары 8 563,1 млрд. теңге, 2018 жылы 8 368,1 млрд. теңге және 2019 жылы 8 746,8 млрд. теңге көлемінде айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, экономикалық өсуді және өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында 2017 - 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы шығыстарының негізгі басымдықтары аграрлық секторды үдемелі дамыту, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту болып айқындалды»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 1,9%, 2021 жылға қарай 3,1% дейін өсуі болжануда. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2017 жылғы 7,5 мың АҚШ долларынан 2021 жылы 10,0 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп күтілуде.