2018 жылдан ауылдық округ деңгейіндегі бюджетте өзгерістер болады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесі мен коммуналдық меншікті басқару өкілеттігін кеңейту көзделген. Өздеріңізге белгілі, еліміздің бюджет жүйесі үш деңгейден тұрады. Ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Олар шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлікті құрайды»,-деп тоқталды ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округтің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетіне мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі енгізіледі, 2020 жылдан бастап барлық жерде қамтылады. Елімізде 2 мыңнан астам адам тұратын 1 066 елді мекен бар.

Сонымен қатар А. Жұмағұлов жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті қалай түзілетінін хабарлады. Олардың бюджетінің кірісі жеке табыс салығынан, жеке тұлғалардың мүлік салығынан, жеке және заңды тұлғалардың көлік салығынан, жер салығынан және өзге де төлемдерден қамтылады.

Сонымен қатар ол бюджет салықтық емес түсімдерден де қалыптасатынын жеткізді.

Заң жобасымен сегіз заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олардың ішінде еліміздің Азаматтық кодексі, Бюджет кодексі, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс (Салық кодексі), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Кәсіптік одақтар туралы» заңдар бар.

Құжат аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің дербес бюджетін, яғни бюджеттің жаңа төртінші деңгейін кезең-кезеңмен енгізуді, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншік институтын енгізуді көздейді. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін қалыптастыру, бекіту және орындау тәртібі заңнамалық түрде бекітіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет процесін және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару жөніндегі өкілеттіктері нақтыланып, толықтырылады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар