2018 жылдың ең ақылды оқушылары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғарғы сыныптар арасында өткен республикалық онлайн-турнирдің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2018 жылдың ең ақылды оқушылары анықталды

Байқауды ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорынан мәлім еткендей, «Кім білгіш?» турнирі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Жобаның мақсаты - оқушылардың интелектуалдық және танымдық қабілеттерін ынталандыру,  шығармашылық және білім деңгейін көтеру, IT салада білімдерін қалыптастыру, дарынды балаларды анықтау және қолдау, бәсекелестік рухын дамыту, сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.

Турнир үшінші рет өткізілуде. Алдыңғы екі ойын нәтижесі бойынша республиканың түрлі аймақтарынан келген жоғарғы сыныптың 22  оқушысы бағалы сыйлықтар алды.

«Кім білгіш?» турнирі сәтті жоба болғандықтан, ойын жылдан-жылға танымал болып келеді. Сол себепті оны 2019 жылы да өткізу жоспарда бар» - деді   ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

Айта кетейік, «Кім білгіш?» ойыны 30 мыңнан астам сұрақтан тұратын мобильдік қосымша. Онда спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлем, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптары қамтылған.       Екі кезеңнен тұратын турнир онлайн түрінде, жазғы демалыс кезінде өтті.
Биыл оған 7 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты. Финалға ең көп ұпай жинаған 8 оқушы өтті. Ақтық ойын Астана қаласында болды. Ол жерде үздік ойыншылар эрудиция және жылдамдық бойынша жарысты.

Осылайша, қазақтілді ойыншылар арасында бірінші орынға Орал қаласынан 11-сынып оқушысы Исабек Мұратов, екінші орынға Алматы қаласынан 11-сынып оқушысы Нұрайша Қайысбекова, үшінші орынға Шымкент қаласынан 10-сынып оқушысы Әміржан Құдайберген ие болды.

Орыстілді ойыншылар арасында бірінші орынды Семей қаласынан 11-сынып оқушысы Антон Мануленко, екінші орынды Алматы облысынан 10-сынып оқушысы  Рамиля Ахмет, үшінші орынды Алматы қаласынан 10-сынып оқушысы Ерасыл Ернарұлы иеленді.

Турнир жеңімпаздарына «2018 жылдың ең ақылды оқушысы» дипломдары, ноутбук, планшет, смартфон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.