2018 жылы 400 мыңға жуық сәби дүниеге келді
Ведомство ақпаратына сәйкес, сәбилердің 235 014-і қалалық, ал 162 785-і ауылдық жерде жарық дүниеге келген. Сәбилердің 51,6 пайызы (205 224) ер бала және 48,4 пайызы (192 575) қыз бала. Туған кездегі жыныстардың ара қатынасы 100 қыз балаға шаққанда 107 ер баланы құрады. 2008 жылмен салыстырғанда туғандар саны 11,6 пайызға (ер балалар - 12%, қыз балалар - 11,1%), қалалық мекендерде - 19,4, ауылдық мекендерде 1,9 пайызға артты.
«Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1000 тұрғынға шаққанда 29,72), Нұр-Сұлтан қаласында (27,67) және Шымкент қаласында (27,53) байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (12,93), Қостанай (13,30) және Павлодар (15,72) облыстарында тіркелді. 2018 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы 28,7 жасты (2008 жылы - 28,1), қалалық жерлерде - 29 (2008 жылы - 27,8), ауылдық мекендерде - 28,3 (2008 жылы - 28,4) жасты құрады», - делінген таратылған ақпаратта.
Қазақстанның көпшілік өңірлерінде бала туу кезіндегі әйелдердің орташа жасы орташа республикалық деңгейден жоғары болған. Ол Алматы қаласында 29,8 жасты, Нұр-Сұлтан қаласында 29,6 жасты құраған.