2018 жылы Алматы үйлерінің 3D картасы жасалады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2018 жылы Алматыда әр үйдің 3D картасы жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан Ахмеджанов Қоғамдық кеңесте өткен жиын барысында мәлімдеді.
«2016 жылы қаланың инвестициялық картасы жасалды. Бұл жобаны екінші деңгейлі банктер жақсы пайдаланады. Несие беретін кезде банктер нысанның қызыл жолақта тұрған тұрмағанын карта арқылы тексереді. Ақпараттың 85%-ы қол жетімді, almaty.genplan.kz сайтынан көруге болады. 2018 жылы Алматының әр үйінің 3D-картасын жасаймыз. Қазір ол тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Жылдың басында суреттерге жобалаушылар туралы ақпарат қосамыз. Сонымен ресурс толық іске қосылады», - деді ол.
Қазір басқарма 60-80 жылдарда салынған үйлерді тексеріп жатыр. Қалада мұндай 7 мың үй бар.
«Қазақ Сәулет және құрылыс ҒЗИ көмегімен көппәтерлі үйлердің электронды базасын жасау қолға алынды. Көбінесе кәсіпкерлер үйді қайта жоспарлау кезінде көптеген кедергіге кезігеді. Қазір біз ондай форматты интерактивті етіп жатырмыз»,- деді басқармасы басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, Алматыда келесі жылы 16 саябақ қайта жөндеуден өтеді.
«Қазанда орталықтардағы саябақтарды жөндеуге байқау жариялаймыз. Табиғат ресурстары басқармасы хабарлағандай, қалада 16 саябақ қайта жасауды талап етеді»,- деді ол.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тек өткен жылдың өзінде ғана 1,9 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 2015 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.
«Елбасының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталады. Оның басты мақсаты - таяудағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бағдарламаға тұрғын үй нарығын қолдаудың кешенді шаралары енгізілген. Бұл, сөз жоқ, еліміздің құрылыс саласын дамытуға жаңа серпін береді. Біздің негізгі міндетіміз - алматылықтардың тұрғын үй мәселесін шешу. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 73 үй салынуда, оның 24-інің құрылысы биылғы жылы аяқталады», - деді Б.Байбек.
Қала басшысы 2015 жылдан бастап құрылыс саласына құйылған инвестиция көлемінің 17%-ға артқанын айтты. Тек биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс саласына 235 млрд. теңге инвестиция бөлінген.
Бүгінде Алматыда тұрғын үй және азаматтық бағыттағы 1140 объектінің құрылысы жүріп жатыр, бұлардың ішінде 762 құрылыс жеке инвестиция арқылы, ал 378 нысан бюджет арқылы қаржыландырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2016-2017 жылдары әкімдік тарапынан 1040 пәтерлі 19 тұрғын үй салынды. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша биыл «Саялы», «Жас Қанат» ықшамаудандарында тағы 17 тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. «Ескі үйлерді сүру» қалалық бағдарламасы бойынша 3 жаңа үй салынып, ескі үйлердің тұрғындары жаңа қонысқа көшірілді. Бүгінгі күні заманауи ықшамауданға айналған Атлеттер ауылынан 1748 отбасы пәтер алды. Наурызбай ауданында соңғы жылдары құрылыс кең қанат жаюда.
Биылғы жылы білім беру жүйесінің 42 нысанының құрылысын салу және сейсмикалық қуатын нығайту қарастырылған. Оның 29 объектісі биыл іске қосылады. Денсаулық сақтау саласының 18 обьектісі салынуда және жөнделуде. Жыл аяғына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі.