2018 жылы Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінде 21 қазанда қазақстандық тарапқа 2018 жылдың 19-22 маусымы аралығында Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресін өткізу өткізуге құқық беретін «шырақты» тапсыру рәсімі жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

2018 жылы Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресі өтеді

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов бастап келген Қазақстанның ірі тау-кен компанияларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-зерттеу институттарының, «Iteca» көрме компаниясының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінің жұмысына қатысуда.

18 қазанда басталған іс-шараға 34 елдің 2 мыңнан астам өкілдері, оның ішінде үкімет мүшелері, ғылыми қайраткерлер, халықаралық мамандандырылған ұйымдардың қызметкерлері, тау-кен кәсіпорындарының басшылары, Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері бар.

Тау-кеншілер съезінде халықаралық ұйымдастырушы комитеті отырысы, конгресс пленарлық отырысы, тау-кен саласындағы соңғы жетістіктерді тамашалайтын көрме, ғылыми-техникалық жұмыстар мен жобалар конкурсының өткізіледі. Жиынға қатысушылар пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, тау-кен және жерасты жұмыстарын жүргізу, автоматтандыру және роботты техниканы пайдалану, тау-кен өнеркәсібі саласындағы инновациялар секілді маңызды мәселелерді талқылайтын болады.

Конгрестің бірінші күнінде ҚР ИДМ-нің Жауапты хатшысы пленарлық отырыс барысында қазақстандық тау-кен өнеркәсібінің негізгі бағыттары мен оның даму болашағы туралы хабарлап, халықаралық ұйымдастырушы комитетінің мүшелерін XXV Дүниежүзілік тау-кен конгресін дайындау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

«KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ көрме барысында тау-кен-металлургиялық кешеніне, еліміздің инвестициялық саясатына, экспорттық әлеуетіне, сондай-ақ  «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған ұлттық стендты ұсынды.

21 қазанда конгрестің қорытындылары бойынша қазақстандық тарапқа 2018 жылдың 19-22 маусымы аралығында Астанада өтетін келесі конгресті өткізу құқық беретін «шырақты» тапсыру рәсімі жоспарланып отыр.