2018 жылы Қытай реформалар мен ашықтық саясатының 40 жылдығын атап өтті - ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігі
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі 5 ақпан күні қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін атап өтуге дайындалып жатыр. ҚХР-дың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяо ҚазАқпарат тілшісімен әңгіме барысында Қытайда Жаңа жыл мейрамының Көктем мерекесі деп аталатындығы туралы да айтты.
Чжан Сяоның атап өтуінше, соңғы 40 жылда Қытай әлеммен бұрыннан да белсендірек ынтымақтастық құрып отыр. Көктем мерекесі де кеңінен атап өтіліп, әлемнің көптеген халқына танымал болған. Уақыт өте келе жаһандық мәнге ие болып, 2010 жылдан бері бүкіл әлемде атап өтіле бастады. Елі, тілі және мәдени дәстүрлері әртүрлі адамдар Көктем мерекесінің арқасында сол елдің мәдениетімен танысып, мерекені бірге тойлап, сол арқылы жақындасады.
«Көктемнің көңілді мерекесі» іс-шаралар циклының Қазақстанда өткізіліп жүргеніне біршама жыл болды. Астана, Алматы, Ақтөбе және басқа да қалалардың тұрғындарына қытайлық жауынгерлік өнер, ән мен билері, акробатика, халық музыкасы және өзге де тамаша дәстүрлері ұсынылған.
Биылғы жылдың 15 қаңтарынан бастап ақпан айының ортасына дейін Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп «Көктемнің көңілді мерекесін бірге тойлаймыз» атты фотокөрме өткізуде. Бұл көрме қазақстандықтарға Қытай халқының мәдениетімен және Қытай Жаңа жылының дәстүрлерімен одан да терең танысуға мүмкіндік туғызбақ.
Қытай күнтізбесіне сәйкес, 2019 жыл - үйлесімділік, амандық және берекені бейнелейтін Алтын Доңыз жылы. Жаңа жылда Қытай мен Қазақстан екі мемлекет басшыларының қол жеткізген келісімдерінің негізінде барлық кедергілерді жойып, «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының түйіндесуін тереңдетіп, сондай-ақ екі ел халықтарының игілігі үшін екіжақты сауда-экономикалық, гуманитарлық және индустриялық-инвестициялық аспектілерді жан-жақты кеңейтіп, нығайтатынына сенімдімін», - деп атап өтті ҚХР-дың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяо.
Сөз соңында Елші Қазақстан халқына, отандастарына, Қазақстанда орналасқан қытайлық кәсіпорындарға және Қазақстанда білім алып жүрген студенттерге жаңажылдық құттықтауын арнап, жылы лебізін білдірді.