2018 жылы мемлекеттік сатып алулардағы проблемалар толық шешілмек
«Мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыруға қатысты мәселеге тоқталсақ, Қажы министрлігі осы бағытта елеулі жұмыстарды атқарды. Осы орайда процестерді автоматтандыру бойынша бірыңғай алаңды құруда қажетті шаралар атқарылды. Алайда бізде мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар бойынша іске асырылатын жұмыстар бар. Құжатты Мәжіліске, кейіннен Сенатқа өтуін тездету керек, себебі бұған көптеген мәселелер байланысты болып отыр. Өйткені әкімдер бұл тақырыпты үнемі көтеріп келеді, яғни бүгінде ол екі деңгейлі конкурсты енгізу мәселесіне қатысты», - деді Досаев.
Сонымен қатар ол 2018 жылы мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларды шешуге ерекше назар аудару керектігін сөз етті.
«Шын мәнінде, бізде жергілікті атқарушы органдармен тиісті деңгейде үйлестірілген жұмыстар құрылмаған. Мемлекеттік сатып алулар - бұл жемқорлық жайлаған аумақтың бірі саналады және ол жайында көбі айтып жүр. Оны ашық әрі түсінікті ету ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар комитетінің басты мақсаты. Сондықтан да 2018 жылы осы саладағы қордаланған мәселелерді шешуге айрықша мән беру керек болып тұр. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулардағы проблемаларға соңғы нүктені қою керек», - деді Ерболат Досаев.