2018 жылы зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының биылғы Жолдауында 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшерін үш кезеңде арттыру тапсырмасы берілген еді.
None
None

Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы - 7 пайызға артты. Ал, екінші кезеңде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ынтымақтық зейнетақы мөлшері 11 пайызға, базалық зейнетақы мөлшері - 13 пайызға көбейтілді.

ҚазАқпарат тілшісі зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі  - 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін өзгерістерге шолу жасайды.


Базалық зейнетақы еңбек өтіліне сәйкес беріледі

2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап барша зейнеткерге бірдей төленіп келген базалық зейнетақы көлеміне айтулы өзгерістер енеді. 

1998 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан зейнетақымен қамсыздандырудың бұрынғы ынтымақтық жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен болатын. Бұл орайда ынтымақтық жүйе де сақталып қалды. Ынтымақтық жүйе бұрынғы зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандырады және келешекте ынтымақтық жүйеде еңбек өтілін толық өткерген, бірақ жинақтаушы жүйеде зейнетақы алуға жеткілікті ақша жинайтын мүмкіндігі болмаған жандарды зейнетақымен қамсыздандырады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір азамат өз табысынан зейнетақы жарнасын (еңбекақы түрінде төленуге тиіс табысының 10%-ын) аударып, болашақ зейнетақысын жеке өзі дербес түрде жинайды. Осылайша, жинақталған ақша зейнетке шыққан салымшыларға жеке зейнетақы шоттарынан төленеді.

ҚР зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгей - барлығына бірдей көлемде беріліп келе жатқан базалық зейнетақы. Бүгінде базалық зейнетақы мөлшері 14 мың 466 теңгенi құрайды. Екiншi деңгей - еңбек өтiлiне байланысты төленетін ынтымақтық зейнетақы. Оны толық мөлшерде алу үшiн 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Үшiншi деңгей - зейнетақы жинақтау жүйесi, мұнда зейнетақы ай сайын 10 пайыздан аударылған зейнетақы жарналары есебiнен төленеді.

Осылайша, барлық зейнеткерге бірдей көлемде төленіп келген базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін еңбек өтiлiне байланысты тағайындалатын болады. Онда зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударған жарналары есепке алынады.  Мәселен, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 жыл, одан кейін - 16 жыл жұмыс істесе, базалық зейнетақы тағайындау үшін жалпы 31 жылдық еңбек өтілі қабылданады.

Ал егер бір адамның еңбек өтілі 10 жылдан аз болса, оған автоматты түрде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы тағайындалды. Бұл сома келер жылы 15 274 теңгені құрайды. Сәйкесінше, зейнетақы жүйесіне қатысқаны үшін 10 жылдан кейінгі әрбір жыл үшін 2 пайыздан қосылып отырады. Біздің жағдайда, 31 жыл еңбек өтілі болса, оның 10 жылы үшін зейнеткер кепілдендірілген 54 пайызға ие болады. Қалған 21 жыл үшін 2 пайыздан - 42 пайыз қосылады. Осылайша, 31 жылдық еңбек өтілі бар зейнеткер 54-ке 42-ні қосқанда, ең төменгі көрсеткіштің 96 пайызын (шамамен 50 мың теңге - авт.) ала алады.  Сәйкесінше, 33 жыл еңбек еткен зейнеткерлерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің толық сомасы қосылады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша,  қазіргі уақытта елімізде базалық зейнетақы алатын 2 млн 139 мың адам бар. Олардың 44,1%-ы үшін 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін базалық зейнетақы мөлшері 14 мың 466 теңгеден 28 мың 274 теңгеге дейін екі есеге ұлғаяды. Қарттардың 45%-ына - төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ы берілсе, қалған бөлігіне - 54-74% аралығында зейнетақы төленбек.

Тағы бір айта кетерлігі, барлық зейнетақы жүйедегі құжаттар негiзiнде автоматты түрде қайта есептеледi. Сондықтан, зейнеткерлерге мемлекеттiк органдарға барып, өтiнiш жазып, қайта құжат әкелудiң қажетi жоқ.

Зейнетақы мөлшері артады

Базалық зейнетақы тағайындау әдісі өзгерген соң, Қазақстандағы зейнетақының  көлемі 71 мың теңгеге дейін өседі деп болжануда және ең төменгі зейнетақы мөлшері 33 мың теңгені құрамақ.

Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, көбірек зейнетақы алу үшін еңбек өтілі де ұзағырақ болуы тиіс. Ерлер үшін талап етілген міндетті 25 жыл, әйелдер үшін 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда, зейнетақы көлемі шығындалған табыстың 60 пайызын құрайды. Бүгінде қайта қосылған зейнеткерлер үшін ынтымақтық зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі қысқарып келеді. Ресми деректерге сәйкес, зейнетке шығатын қазақстандықтардың 41%-ында талап етілген еңбек өтілі жоқ.

"Неғұрлым ұзағырақ еңбек етсең, соғұрлым көбірек зейнетақы аласың. Бұл қазіргі жастардың ұранына айналуы тиіс. Себебі, жастар қазірден бастап жұмыс істемесе, қазірден бастап зейнеттік жарна салмаса, жинақтық зейнетақы қоры жүйесіне қатыспаса, ертеңгі күні оларды қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Себебі, базалық зейнетақы деңгейінде де бұдан былай еңбек өтілі есепке алынады", - дейді Светлана Жақыпова.

Сонымен бірге, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы да өзгереді. Құрылымның өзгеруі төменгі өмір сүру деңгейінің мөлшерін 16%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Еске сала кетсек, қазіргі уақытта тұтыну қоржыны азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын екі бөліктен тұрады, олардың қатынасы әзірге 60 % және 40 %  аралығында. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл қатынас азық-түлікке жатпайтын бөлікті ұлғайтуға қарай өзгереді және сәйкесінше ара қатынас 55% те 45% болады. Нәтижесінде, 24 459 теңгені құрайтын ең төменгі күнкөріс мөлшері келер жылдың 1 қаңтарынан бастап  28 284 теңге болады. Бұл мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын шамамен 3 млн-ға жуық адамның өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

  Зейнетақы аннуитеті: әйелдер ерлерден көбірек ақша жинау қажет

Бүгінде зейнетақы аннуитетінің (жыл сайынғы төлемақы, тұрақты түсім) құнын төлеп алу сомасы әйелдер үшін 12 миллион теңгені құрайды. Мәселен, 50 жаста зейнетақы аннуитетін сатып алып, зейнетақы төлемін алуға болады. Бірақ бұл төлем зейнет жасына жеткенде ғана беріле бастайды, яғни, әйел 63 жасқа толғанда ғана зейнетақы төленеді.

«Барлығы мұндай қорды қайдан табамыз дейді. Жинақтың болуы да мүмкін емес, себебі біздегі зейнетақы жүйесіне енді ғана 20 жыл толып отыр. Мұнда адамның қай кезде еңбек нарығына енгенін есептеу қажет», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Мәселен, орташа статистикада адам 17 жаста оқуға түседі және 63 жасқа дейін жұмыс істейді. Демек, 63-тен 17-ні азайтсақ, оның еңбек өтілі 46 жылды құрайды. Зейнетақы жүйесіне зейнетақы қоры сайма-сай болу үшін ең кемі 40 жыл қажет. Ал біздің жүйеге бар болғаны 20 жыл.

«Әрине, 20 жылда ешкім мұндай соманы жинап үлгермейді. Барлығы 100 мың теңге жалақымен 10 миллион теңге жинаудың мүмкін еместігін айтып, наразы болуда. Әрине, 100 мың теңгені ресми түрде алып, қалған 100 мыңды жасырып қалсаңыздар, бұл соманы ешқашан жинай алмайсыздар», - деп мәлімдеді вице-министр.

Сонымен бірге, 50 жаста зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін әйелдермен салыстырғанда, ерлерден азырақ ақша талап етіледі. Олар зейнетақы аннуитеті үшін шамамен 8-10 миллион теңге аралығында төлей алады. Себебі, Қазақстанда ерлерге қарағанда, әйелдердің зейнет жасынан кейінгі өмір сүру кезеңі ұзағырақ.

Жалпы алғанда, жаңа зейнетақы жүйесі қоғамда «қанша көп еңбек етсең, сонша көп зейнетақы аласың» ұғымын қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде зейнетке шыққан адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алмай-ақ, демеушілер мен меценаттардың қайырымдылық қаржыларына мұқтаж болмай-ақ, өмір сүретін болады. 

Соңғы жаңалықтар