2018 жылы жамбылдық полицейлер 2,2 тонна есірткіні айналымнан шығарды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер заңсыз айналымынан героиннің ірі партиясын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылы жамбылдық полицейлер 2,2 тонна есірткіні айналымнан шығарды

23 қаңтар күні Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздеу шараларының барысында Байзақ ауданының тұрғынын ұстады. Тұрғын үйді қызметтік-іздеу итінің көмегімен тексеру барысында жалпы салмағы 1 келі 143 грамм болған «героин» есірткілік заты анықталған. Аталған факті бойынша ҚР 297-бабының 3-бөлімімен сот алдындағы тергеу амалдары басталды, күдікті азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Полицияда тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат соталды тергеу аясында таратылмайтынын атап өтті.

«Облыстық полиция департаменті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу бойынша кешенді іс-шаралар қабылдап отыр. Ретке келтірілген жұмыстың арқасында 2018 жылы есірткі бизнесіне қарсы күресте оң нәтижелерге қол жеткізілген. Былтыр 2 тонна 252 келі есірткі және есірткілік заттар заңсыз айналымнан шығарылды, соның ішінде 9 келіге жуық героин мен 129 келі 552 грамм наша болған», - деп атап өтті Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Автор: Галина Скрипник