2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы 15,5% нақты өсім көрсетті
БУРАБАЙ. KAZINFORM – 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5% болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтты.
− Бұл аралықта еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46% жуық артып, 14 мың доллардан асты. Сыртқы сауда айналымы 45% жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция 1,5 есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асты, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынған.
− Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. Көптеген денсаулық сақтау, спорт және басқа да әлеуметтік нысандар ашылды. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды, − деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент «Жайлы мектеп» құрылысы мәз еместігін, таяу арада өзі тексеру жүргізетінін айтқан еді.