2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау  министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі енгізіледі

«Өзекті проблемалардың бірі азаматтардың дәрілік қамтамасыз етілуге құқықтарын сақтау болып табылады. Біз халықтан түскен 3000-нан астам шағымға талдау жүргіздік. Олардың негізгі себептерінің бірі - дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлаудың тиімсіз жүйесі, дәрілік қамтамасыз ету рәсімдерінің ашық болмауы», - деді министр.

Оның айтуынша, 2016-2017 жылдары 11 өңірде жалпы 4,3 млрд теңге сомасында дәрілік заттардың қалдықтары анықталған.

«Мемлекеттік бағдарламада көзделген азаматтарды дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналарды қамтамасыз етеді: барлық тегін дәрі-дәрмек беру дербестендірілген электрондық есепке алынады; Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті ілкі қадағалау жүйесі енгізіледі», - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға өту қамтамасыз етілетін болады.