2019 жылы Алматы облысында 26 мектеп салу жоспарланып отыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Алматы облысында 2019 жылы 15 мектептің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, аяқталуға жақын. Амандық Баталов қарамағындағыларға Президент Жолдауынан кейін тағы 11 мектептің құжаттарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстағы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында А. Баталов осы салаға жауапты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ляззат Тұрлашовқа, құрылыс және білім басқармаларының басшыларына нақты тапсырма берді. Яғни, 11 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды жүктеді.
«Құжат дайындауды жылдамдату керек. Келер жылы біз үш ауысымда білім беретін мектептердің санын азайту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, республикадан қаржы бөліну үшін тезірек өткізуіміз керек. Мәселен, қазір 15 мектептің құжаты дайындалып жатса, оған қосымша тағы 11 мектептің сметасын дайындауды тапсырамын. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда болады. 2019 жылдың бюджетінен жалпы 26 жаңа мектептің құрылысына қаржы қарастыру үшін жылдам жұмыс істеуіміз керек»,- деді А. Баталов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы облысында үш ауысымда білім беретін мектептер саны 34-ке жеткен. 2017 жылы 33 жаңа мектеп пайдалануға берілгенімен, өңірде үш ауысымды білім ошақтарының саны әлі де азаймай тұр. Амандық Баталов бұл жайтты облыстағы демографиялық өсіммен және ішкі миграциялық жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, Жетісу жерінде жылына 50 мыңнан аса сәби дүниеге келіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Талдықорғанда Елбасы Жолдауын талқылауға арналған актив жиыны өтті. Оған Алматы облысының барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Жиынға Амандық Баталов төрағалық етті.