14:08, 09 Қазан 2013 | GMT +5
2020 жылда біз ішкі сұранысты сапалы жанар-жағар маймен толығымен қамтамасыз етеміз - Ұ.Қарабалин
АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін біз кезең-кезеңімен Қазақстанның ішкі сұранысын сапалы жанар-жағар маймен қамтамасыз етеміз.

Бұл туралы бүгін «KAZENERGY» қауымдастығының VIII Еуразиялық форумында жастармен кездескен ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті. «Бүгінде Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңарту бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Осы жұмыстың нәтижесінде аталған кәсіпорындар Еуро - 4 және 5 стандартына сай келетін мұнай өнімдерін шығаратын болады. Біздің есебімізге сәйкес, 2016 жылға қарай зауыттарды жаңарту жұмыстары аяқталады. Содан бастап 2020 жылға дейін біз кезең-кезеңімен жоғары сапалы жанар-жағар майды өндіру көлемін арттырып, еліміздің ішкі сұранысын толығымен өтейтін боламыз», - деп атап көрсетті Ұ.Қарабалин.