2020 жылдан бастап бюджеттік жоспарлау қағазсыз жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдан бастап бюджеттік жоспарлау қағазсыз және ашық түрге көшіріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндаған ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылдан бастап бюджеттік жоспарлау қағазсыз жүргізіледі

«Денсаулық сақтауды цифрландыруға келсек, ауқымды жұмыстар атқарылуда, оң нәтижелер бар. Бүгінде халықтың және дәрігерлердің уақыты 50 пайызға үнемделеді. Жалпы, цифрландыру есебінен дәрілік заттарды үлестіру 23 млрд теңгеге жуық үнем берді. Осы жылы аудандық деңгейге дейін емханаларды компьютермен 100 пайыз қамту жоспарланған. Ал медициналық мекемелерді ақпараттық жүйелерге қосу 93 пайызға жетеді»,- деді Асқар Жұмағалиев.

Оның дерегінше, қаржы саласын цифрландыруда да жақсы жетістіктер бар. Банктік жүйелерді eGov порталымен интеграциялау есебінен салықтық төлемдер 1,8 есеге артты. Бизнестің 73 пайызы онлайн кассалық машиналармен қамтылған. Ал барлық кедендік декларациялардың 81 пайызы 1 минутта беріледі. Қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есе өсіп, 14,5 трлн теңгеге жетті. Нәтижесінде 2019 жылы бюджетке қосымша 448 млрд теңгеден астам түсім түсті.

«2020 жылдан бастап бюджеттік жоспарлау қағазсыз және ашық түрге көшіріледі. Барлық кедендік құжаттар «бір терезеден» берілетін болады. Одан басқа, Қосылған құн салығын блокчейн технологиясы бойынша төлеу жобасы басталады. Бұл бизнестің жұмысын жеңілдетеді«, - деді ол.

Министр әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бөлігінде де жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, электрондық еңбек биржасы арқылы 523 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Халық 14 түрлі төлемдерді ешқайда бармай-ақ, проактивті форматта алады.

»Бұл көп балалы аналарға, зейнеткерлерге және басқаларға өте керекті және ыңғайлы әдіс. Жалпы алғанда, 2019 жылы цифрландырудың әлеуметтік-еңбек саласына әсері 1,5 млрд теңгеге жуық. 2020 жылы да халыққа арналған проактивті қызметтердің алтауы қосылады. Кадрларды қайта дайындау порталы құрылады«, - деді Асқар Жұмағалиев.