2020 жылдан бастап Қазақстанда барлық адамдар табыстары мен мүліктерін декларациялайтын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдан бастап Қазақстанда барлық адамдар табыстары мен мүліктерін декларациялауға міндетті болмақ.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.
«Өкінішке қарай, елімізде қолданылатын әкімшілендіру жүйесі барлық жеке тұлғалардың табысы мене мүлкінің шыққан көздеріне тиімді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Себебі, табыстар мен мүлік туралы декларацияны адамдардың жекелеген тобы ғана тапсырады. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, депутаттар және судьялар бар. Сондықтан жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру туралы шешім қабылданды»,-деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасымен табыстар мен мүлікті декларациялау жүйесіне кезеңді өту көзделіп отыр. Мәселен, 2017 жылғы 1 кезеңде жеке тұлғалардың дайындалған санаты ретінде мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар қызметшілері декларацияны ұсынады. Келесі кезеңде, яғни 2020 жылдан бастап барлық қалған жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы декларациясын табыс ету қарастырылған.