2020 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 880 млрд. теңгеге қысқарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 880 млрд. теңгеге қысқарады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізу барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік жүргізіп отырған бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономика өсіміне көмек көрсетуге бағытталған. Ағымдағы жылы министрлік Ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыруға кірісті», - деді ол.
Оның айтуынша, үшжылдық кезеңде Ұлттық қордың активтерін тұрақтандыру мақсатында оны пайдалануда біршама қысқарту жоспарланып отыр.
«3 жыл бойы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылдан бастап 880 млрд. теңгеге, 2 трлн. теңгеге дейін қысқаратын болады. Осыны ескере отырып, ағымдағы жылдың тамызында 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында министрлік бюджет параметрлері мен қысқамерзімді кезеңде Ұлттық қордың болжамын айқындайтын болады», - деді Сүлейменов.
Сонымен қатар ол бюджеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру екендігін баса айтты.