2020 жылға дейін 30 млн. шаршыметрге жуық жеке тұрғын үй салынатын болады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
«Жаңа бағдарламада жеке тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылыстары қамтылып отыр», - деп тоқталды агенство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылы жеке тұрғын үй құрылысының үлесі жалпы құрылыс көлемінде 55 пайызды құрады. Бұл қарқынды қамтамасыз ету үшін инженерлік желілердің құрылыстарын қаржыландыруды арттыру керек.
«Республикалық бюджеттік комиссиямен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаржыландыруды 11 млрд. теңгеге арттыру ұсынысы қолдау тапты. Осы арқылы инфрақұрылымды қаржыландыру 51 млрд. теңгеге дейін жеткізілмек», - деді С. Нокин.
Оның айтуынша, 2013 жылдан бастап жыл сайын қаржыландыру 60 млрд. теңгені құрайды. Жалпы, 2012-2020 жылдар аралығында инженерлік инфрақұрылымдарға 531 млрд. теңге қажет болады.
«Нәтижесінде бағдарлама аяқталған кезде 29 млн. шаршыметр жеке тұрғын үй салынатын болады. Атап айтқанда жыл сайын 3,2 млн. шаршыметрдің осындай үйлер салынатын болады», - деп түйіндеді сөзін С. Нокин.