2020 жылға дейін экономиканың барлық саласын қамтитын 550 кәсіби стандарт әзірлеуді аяқтаймыз - Т. Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін экономиканың барлық салаларын қамтитын 550 кәсіби стандарт әзірлеуді аяқтаймыз. Бұл туралы бүгін елордадағы «Көрме» орталығында өтіп жатқан 6-шы Қазақстандық халықаралық конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

 2020 жылға дейін экономиканың барлық саласын қамтитын 550 кәсіби стандарт әзірлеуді аяқтаймыз - Т. Дүйсенова

«Мемлекет кәсіподақтарды еңбек жағдайын жақсарту ісіндегі стратегиялық серіктесі ретінде қолдап, қызметтерін ынталандыра беретіндігін атап өткім келеді. Бүгінде кәсіподақтар қауіпсіз еңбек жағдайын құру, кәсіби стандарттар әзірлеу мен қызметкерлердің біліктілігін тану бойынша ұсныстар әзірлеу процесіне қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Біз қазіргі уақытта біліктіліктің ұлттық жүйесін енгізу үстіндеміз. Біз жыл сайын жұмыс берушілер ұсынатын шамамен 20-25 мың бос жұмыс орнының қамтылмай қалатындығын айтамыз. Бұл жұмыс берушілер қойып отырған талаптарға әр уақытта да біздің жоғары, орта оқу орындары түлектерінің немесе оған дейін белгілі бір мамандығы бар жұмысшының сай келе бермеуінен орын алуда»,- деді министр.
Оның атап өтуінше, осыған орай министрлік жұмыс берушілермен бірлесе отырып, біліктіліктің ұлттық шегін енгізетін болады. Яғни, жоғары оқу орындары мен колледждерге арналған кәсіби стандарттар әзірленеді. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта жұмыс берушілер әзірлеген кәсіби стандарттармен жұмыс істейтін 10 жоғары оқу орны мен 11 колледж Үкімет тарабынан іріктеліп алынған болатын.

«Бұл жұмыстар қазіргі уақытта Үкімет тарабынан біздің әлеуметтік серіктестерімізбен бірге жүргізілуде және 2020 жылға дейін экономиканың барлық салаларын қамтитын 550 кәсіби стандарт әзірлеуді аяқтағымыз келеді. Бұл бағыттар 2030 жылға қарай өнірістік жарақаттану мен кәсіби сырқаттану көрсеткіштерін айтарлық азайтып, әлемнің дамыған елдерінде деңгейге жетуге септігін тигізеді деп үміттенеміз», - деді Т.Дүйсенова.