2020 жылға дейін қару-жарақ пен қорғаныс өнеркәсібінің кешенін дамыту бағдарламасын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс басталды - ҚР ҚМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде алқа мәжілісі өтті. Онда қазақстандық армияның жауынгерлік әзірлігінің өзекті мәселелері қаралып, 2015 жылғы бірінші жартыжылдықтың жұмыс қорытындысы шығарылды.
Алқа мәжілісіне министрлік басшылығы, департамент және басқарма басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері, өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, әскери оқу орындары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары, сержанттар құрамы қатысты.
Іс-шара барысында Қарулы Күштердің сапалық жай-күйімен байланысты мәселелер, оның ішінде әскерлердің жауынгерлік әзірлігі, ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп, оны жақсарту жөніндегі тапсырмалар талқыланды.
«Елбасы - Жоғарғы Бас қолбасшының ерекше қолдауы және мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі мәселелеріне ұдайы назар аударуының арқасында армияның жалпы жай-күйі жеткілікті жақсы деңгейде тұр», - деді алқа мәжілісінде ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Сонымен, Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасы бойынша 2014 жылғы қазаннан бастап 2015 жылғы шілде аралығында барлық әскер түрлері мен өңірлік қолбасшылықтарда шамамен 70 кенеттен тексеру іске асырылды. Оның ішінде: 52 тексеру Құрлық әскерлерінде, 11 - Әуе қорғанысы күштері арасында және 3 - Әскери-теңіз күштерінде болды. Осынау іс-шаралардың, сондай-ақ жоспарлы тексерістердің басты мақсаты - кез келген жағдайда әскерлердің жауынгерлік қабілеттілік деңгейін арттыру.
Бұл орайда Қарулы Күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінің шынайы жауынгерлік әзірлігін тексерудің пәрменді тетігі кенеттен тексеру болып табылады.
Осыған байланысты, қорғаныс ведомствасының басшысы И.Н. Тасмағамбетовтің қатысуымен әртүрлі өңірлерде түнгі уақытта өткізілген 5 тексерісті жүзеге асыру бойынша жұмыс ұйымдастырылды.
Шетел әскери сарапшыларының пікірінше, ҰҚШҰ, ШЫҰ халықаралық ұйымдарында, сондай-ақ «Бейбітшілік үшін серіктестік» НАТО-ның бағдарламаларында ынтымақтастық жасауда қазақстандық әскерилер маңызды жүйелі рөлді іске асырады. Әскери қызметшілер өздерінің жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейін «Дала қыраны - 2015», «Алтын үкі», «Жауынгерлік достастық - 2015», ҰҚШҰ-ның ҰЖДК, ТМД-ның армиялық ойындары секілді іс-шараларға қатысып, жоғары нәтиже көрсетуі осыны растайды.
Сонымен, «Дала қыраны» оқу-жаттығуы кезінде ҰҚШҰ-ның ҰЖДК кенеттен тексеруі барысында ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінен Қорғантөбе тәжік қаласының әуеайлағына ұшақтармен лақтырылған талдықорғандық және боралдайлық десантшылар тартылды. Оның аясында сарбаздар оқу-жаттығу полигонына дейін көп шақырымдық марш жасады.
Еліміздің барлық оқу орындарында әскери-патриоттық жұмыс белсенді жүргізілуде. Мәселен, 9-13 маусым күндері «Спасск» оқу-жаттығу орталығында заманауи Қазақстанның тарихында алғаш рет «Айбын» І әскери-патриоттық жиыны өтті. Оған 15 пен 20 жас аралығындағы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 800-ден астам жастар қатысты. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің қарамағына үш республикалық әскери мектеп-интернатын беру жүзеге асырылды.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі қызметінің маңызды басымдылығы Қарулы Күштердің қару-жарағы мен техникасын жаңарту болып табылады. Бірінші жартыжылдық ішінде ғана Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі 4++ үлгідегі СУ-30СМ төрт жаңа үлкен маневрлі жойғыштармен жаңартылды. Бұл елдің әуе шептерінің қорғанысын анағұрлым арттырады.
Ағымдағы жылы мемлекет басшысының қолдауымен үш жылдық мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау бойынша пилоттық жоба іске асырылады. Оның бірыңғай орындаушысы «Қазақстан инжиниринг» болып табылады.
2020 жылға дейін қару-жарақ пен қорғаныс өнеркәсібінің кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөнінде ауқымды жұмыс басталды. Әскери стандарттарды әзірлеу жүйелендірілді. Министрлікпен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жарағына қазақстандық кәсіпорындар шығарған өнімге жеңілдіктер көзделген қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдаудың жаңа қағидалары бекітілді. Шығарылатын өнімнің сапасын бақылау мақсатында әскери қабылдап алу институты енгізілген.
Алқа қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың бағыттары айқындалып, бірқатар тиісті тапсырмалар берілді. Бұдан өзге, мәжіліс қатысушылары аталған тетіктердің қорғаныс ведомствасының жұмысын жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретіні туралы ой-пікірлерін білдірді.