2020 жылға дейін Қазақстан өзін-өзі құс етімен қамтамасыз ету керек - ҚР Құс өсірушілер одағының президенті

«Өндірілген жұмыртқаның көлемі елді толық қамтамасыз етіп, артылғанын экспорттауға мүмкіндік береді. Ал құс еті бойынша біз қазір ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Жалпы құс еті бойынша біздің ішкі нарықтың сұранысы жылына 250-300 мың тоннаны құрайды», - дейді Р.Шәріпов. Оның айтуынша, қазақстандық өндірісшілер Дүниежүзілік сауда ұйымы тұрмақ, Кеден одағындағы Ресей мен Беларусьпен бәсекелестікке әлі толық дайын емес. Өйткені елімізде құс шаруашылығына қажетті тұқым мен құрал-жабдықтардың бәрі шетелден экспортталады. Мемлекеттік субсидияның арқасында ғана қазір Кеден одағындағы серіктес елдермен бәсекелес болып отыр.
«Ресейде қазір жұмыртқаның бағасы 2 есе көтеріліп кетті. Өйткені оларда былтыр бидайдың өнімі нашар болғандықтан шаруашылықтары биыл құстың басын азайтып, 500 млрд. жұмыртқаға жұмыртқа кем өндірді. Шекаралас аудандардан ресейліктер арзан жұмыртқаны көп сатып алатын болса, онда тапшылық пайда болуы мүмкін болғандықтан, біз де бағаны еріксіз көтердік. Қазір олардан 1-2 теңгеге төмен ұстап отырмыз. Ол - уақытша шара», - дейді Руслан Исмайылұлы.
ҚР Құс өсірушілері одағы басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстанда қазір 54 құс фабрикасы бар. Оның 21-і ет бағытында. Үкіметтің 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін Қазақстан өзін-өзі құс етімен қамтамасыз ету керек. Қазір 3-4 фабрика салынып жатыр, бұл міндет алдағы 2-3 жылда жүзеге асуы мүмкін.