2020 жылға дейін ЖІӨ өсімін 7 пайыздық деңгейде қамтамасыз ету үшін 80 млрд. доллар инвестиция қажет
АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін ЖІӨ өсімін 7 пайыздық деңгейде қамтамасыз ету үшін 80 млрд. доллар инвестиция қажет.
Бұл туралы бүгін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Қазақстан Республикасы индустрияландыру бағдарламасын қаржыландыру жобасын жетілдіру» жөніндегі басқарушы комитетінің екінші отырысының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аталған холдингтің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
«Біздің жоспарымыз бен Президент тапсырмасына сәйкес индустрияландырудың 2-ші бесжылдығының қаржылық жоспарын дайындап отырмыз. Біздің жұмысымыздың нәтижелеріне орай 2020 жылға дейін экономикаға қосымша 80 млрд. долларға жуық инвестиция көлемін тарту керек болады», - деді ол.
Қ. Бишімбаевтың атап өтуінше, бүгінгі отырыста осыншама көлемдегі инвестицияны қайдан және қалай тарту керек деген мәселе кеңінен талқыға түскен. Оның пайымынша, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін қаржылық жүйе жұмысының деңгейін арттыру, банктерді «нашар кредиттерден» арылту қажет.
«Екіншіден, «Бәйтерек» холдингінің даму институттарының тиімділігін арттыру қажет. Олар бар қаржыны тиімді пайдаланып, экономиканы тезірек басымдықты секторға жеткізсе, бұл да қосымша инвестиция тартуға септігін тигізер еді. Сонымен қатар отырыс барысында тікелей, әсіресе шетел инвестициясын тарту жолдарын кеңінен талқыладық», - деді басқарма төрағасы.